ҚҰТҚАРУШЫЛАР БАЛЫҚШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН КЕЗЕКТІ РЕЙДКЕ ШЫҚТЫ

ҚҰТҚАРУШЫЛАР БАЛЫҚШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН КЕЗЕКТІ РЕЙДКЕ ШЫҚТЫ

Ағымдағы жылдың 31 қаңтарында Қарағанды облысы ТЖД қызметкерлерімен қысқы балық аулау кезінде мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша профилактикалық іс-шара өткізілді.
Рейд барысында балықшылар мұз астында қалған жағдайда әрекет ету, жедел жәрдем шақыру және алғашқы медициналық көмек көрсету ережелері туралы пайдалы ақпарат алды. Білімдерін бекіту үшін құтқарушылар қыста қауіпсіз балық аулау ережелерін нақты баяндайтын жадынамалар таратты.
Айта кетерлігі, 2023 жылдың өткен кезеңінде облыстың су қоймаларында оқыс оқиға болмаған, 2022 жылы 16 сәуірде Балқаш көлінде 1 балықшы, 2021 жылы облыстың су қоймаларында 4 адам суға батып кеткен.
ТЖД құтқарушылары барлық су қоймаларында күн сайын 2 рет патрульдеу жұмыстарын жүргізеді. Жалпы, 2022-2023 жылдардағы қысқы кезең басынан бері 1500-ге жуық рейдтер мен патрульдеу жұмыстары жүргізілді.
Қарағанды облысының ТЖ департаменті қысқы су айдындарында және дауылды ауа райында қауіпсіздік шараларын еске салады.
Ауа-райы нашарлаған кезде және дауыл туралы ескертулер жарияланған кезде балық аулау мен аң аулаудан аулақ болыңыз.
Мұзға тәуліктің қараңғы уақытында және нашар көріну кезінде шығуға жол берілмейді.
Мұзға жабдықталған өткелдерден тыс көлік құралдарымен шықпаңыз!
Балалардың мұзда ересектердің қарауынсыз болуына тыйым салынады.
Балық аулау кезінде шектеулі аймақта көптеген тесіктерді тесуге болмайды.
Мұзда жарықтар мен сынулардың алдын алу үшін үлкен топтарға жиналмау керек.
Шұңқырлар мен жарықтарға жақындамаңыз!
Сондай-ақ метеожағдайлар нашарлаған кезде алыс қашықтыққа сапар шегуден және жаяу жүруден бас тарту керек.
Байланыс құралдары болу қажет.
Балық аулауға немесе аң аулауға кеткенде, жақын адамдарға балықшы немесе аңшы қай жерге баратындығы және оны қашанға дейін күту керектігі туралы ескерту керек.
Барлық оқиғалар мен ТЖ туралы 112 немесе ‪8(7212) 43-36-36‬, 43-37-37 телефондары арқылы хабарласыңыз.

 


Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі