Қарағандының өрт сөндіруші-құтқарушысы ат әбзелдерін жасаумен айналысады

Қарағандының өрт сөндіруші-құтқарушысы ат әбзелдерін жасаумен айналысады

Қайыстан жасалған бірегей дүниелер ата-бабаларымыздың күнделікті тіршілікте қолданған заттары. Бүгінде этнографиялық сипатымызды айшықтай түсетін осы бұйымдар ұлттық құндылығымызға айналды. Ат әбзелдерін жасап, атадан балаға мирас болып келе жатқан өнерді жаңғыртып жүрген азаматтар Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде де бар.
Бағлан Мырзаханов қызметінің қиындығына қарамастан, қолы қалт еткенде ат әбзелдерін жасаумен айналысады. Қайыстан қамшы өруді ол әкесінен үйренген. Қазақтың ұлттық құндылықтарын кейінгі ұрпақ ұмытпаса екен деген ниетпен қолым бос уақытта осы іспен айналысамын дейді.
- Әкем бізге ат әбзелдерін таныстырып отыратын. Ер-тоқым, үзеңгі, жүген, ауыздық, ноқта, шылбыр, тұсау, шідер, арқан сияқты заттардың түсін танып, жатқа айтатынбыз. Атты ерттеп, үзеңгіге аяқ салып, құйындата шаба жөнелетінбіз,- деп бөлісті ол.
Бүгінде ер-тұрман жасаушы шеберлер бірен-саран. Ер тоқым жасау мен қамшы өру – ыждаһаттылықты және асқан ептілікті талап ететін жұмыс. Бағлан жастайынан ат құлағында ойнап өскендіктен ат әбзелдерінің шабандоз үшін қаншалықты маңызды екендігін біледі. Сондықтан ер-тоқым жасау мен қамшы өруге қатты мән беремін дейді.
- Бір ер-тоқымды толық жасап шығаруға шамамен бір айдай уақыт кетеді. Оны ұлттық нақышқа сай, оюмен өрнектеп, мінсіз етіп жасауға тырысамын. Ал қайыстан қамшы өруге 2-3 күнімді арнаймын. Атқа ерлі салып мінгенде, қамшыны қолға алғанда өте ыңғайлы болуы керек. Мен өзім де атқан мініп өскен қазақтың қара баласымын-, дейді Бағлан.
Осындай ұлтжанды, патриот азаматымыздың өрт сөндірушілік қызметке деген адалдығы бір бөлек. Азаматтық қорғау кіші сержанты Бағлан Мырзаханов Қарағанды облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің №11 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарады. Бағлан құтқарушы болуды бала кезінен армандаған. Бұл салада бес жыл еңбек етіп келеді. Жұмысына жауапты маман, өз ісінің нағыз шебері. Жастық жігерімен талай құтқару қызметінде батылдығымен көзге түсті.