Мамандыққа баулу: Қарағандылық журналистер өрт сөндіру-құтқару квестінен өтті

Мамандыққа баулу: Қарағандылық журналистер өрт сөндіру-құтқару квестінен өтті

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті журналистерге арналған қызықты өрт сөндіру-құтқару квестін ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты - өрт сөндіруші-құтқарушылардың жұмысымен танысу, тәні мен рухы мықты адамдардың кәсібіне үңілу.
БАҚ өкілдері өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысын «іштей» бақылап, осы мамандықта кездесетін қиындықтар мен кедергілерді сезіне алды.
Квест өтер алдында барлық қатысушылар қауіпсіздік техникасы бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтан өтті. Барлық кезеңдерде қатысушыларды азаматтық қорғау органдарының ардагері Роберт Ғалымжанов таныстырды, ол күн сайын өз өмірін қауіпке тігіп, адамдарды құтқаруға дайын мықтылар қызметі туралы толығымен баяндап берді.
«Өткізіліп отырған квест арқылы біз сіздерге өз қызметіміз жайлы айтқымыз келеді. Жай айтып қана қоймай, мамандықты жақын танып, жүрекпен сезінгендеріңізді қалаймыз. Біздің бүгінгі сынақтарымыз физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық тексеруге де бағытталатын болады. Әрине, квест қатысушылары үшін жағдайлар шынайы процесстен өте алыс, дегенмен біздің жауынгерлеріміз кездесетін оқиғалардың бір бөлігін сезінуге мүмкіндік беруге тырысамыз», - деп атап өтті Роберт Раисович.
Квест қатысушылары әртүрлі жағдайларда болатын кедергілерден өтті. Қатысушылар өрт сөндірушілердің ауыр жауынгерлік киімінде жанып жатқан үй-жайды имитациялайтын жылу-түтін камерасынан шығу жолын іздеді. Бұл камерада өрт сөндіруші-құтқарушылар тыныс алуға жарамсыз ортада әрекет ету дағдыларын пысықтайды және жұмысқа психологиялық дайындығын арттырады. Әрине, БАҚ қызметкерлері үшін жағдай жеңілдетілді, бірақ жаңадан бастаушылар үшін қараңғыда, өрттің дыбыстарынан және көмек айқайынан өту жолдарын іздеу оңай болған жоқ.
«Лабиринттен өту» кезеңі де журналистер үшін оңай болған жоқ. Өрт сөндірушінің толық формасында және иығында оттегі баллондары бар көзі байланған қатысушылар «құрбанды» дауысы арқылы тауып, бір-біріне көмектесіп, лабиринттен өтуге тиіс болды.
Журналистер дәрігерлердің рөлін де зерттеді. Апаттар медицинасы орталығының мамандары манекенді пайдалана отырып, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсету негіздері бойынша қысқаша курс өткізді.
Сонымен қатар, квест қатысушылары суға гидрокостюммен сүңгу кезінде гі құтқарушы-сүңгуірлердің жұмысының қыр-сырын білді. Сондай-ақ әртүрлі құтқару құралдарымен "жұмыс істеді", олардың көмегімен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде әртүрлі жұмыстар орындалады: металды кесу, жүкті көтеру және т.б.
Ең батыл журналистер үшін атыс жолағы дайындалды. Жанып тұрған жалынның үстінен батылдары ғана өтті, дәл осы қатысушыларға бонус ретінде құтқару автокөтергішімен 9 қабатты ғимараттың биіктігіне дейін көтерілуге рұқсат етілді.
Сонымен қатар, квестке қатысушылар өрт сөндірушілер баспалдағымен көтеріліп, үшінші қабаттың биіктігіндегі «терезе ойығынан» өтті.
Соңында, БАҚ өкілдері өрт оқпанынан су беруді және нысанаға дәл тигізуді үйренді.
Іс-шара соңында Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Бекбосынов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін келе жатқан мерекемен құттықтап, квест қатысушыларына азаматтық қорғау органдарының қызметін жариялауға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстады.