Эвакуациялық комиссияның отырысы

Эвакуациялық комиссияның отырысы

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтың төрағалығымен «Облыстың қалалары мен аудандарының эвакуациялық органдарын су тасқыны кезеңіне жан-жақты дайындау туралы» тақырыбында облыстық эвакуациялық комиссияның отырысы өтті.
«Біздің облыста су басуға бейім елді мекендер бар. Бұған алдыңғы жылдары болған жағдайлар дәлел бола алады. Біздің жыл сайынғы міндетіміз су тасқыны жағдайы шиеленіскен жағдайда тұрғындарды көшіру және су тасқыны қаупі бар аумақтағы малды айдап әкету бойынша қажетті жұмысты нақты жоспарлау және ұйымдастыру», - деп атап өтті әкімнің орынбасары.
Қарағанды облысы ТЖ Департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов су тасқыны алдындағы жағдай, күштер мен құралдардың дайындығы туралы баяндады.
"Төтенше жағдайларға ден қоюға әзірлікті арттыру мақсатында дайындық жұмыстары жүргізілді. Су тасқыны қаупі бар 174 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Қазіргі уақытта Департаменттің мобильді топтары су басу қаупін бағалау мақсатында осы елді мекендерді аралауда.
Халық үшін ТЖ қаупі және туындауы кезіндегі іс-қимылдар бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді.
Қарағанды облысының 136 елді мекенінде жергілікті құлақтандыру жүйелері орнатылған, оның ішінде 84 елді мекенде су басу қаупі бар.
«Жалпы сыйымдылығы 26 мыңнан астам адамды құрайтын Төтенше жағдайлар кезінде халықты уақытша орналастыру үшін 253 пункт қарастырылған», - деп атап өтті А.Ахметжанов.
Отырыс барысында су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы су тасқыны қаупі бар аудандардың басшылары тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша қалалар мен аудандардың эвакооргандарының төрағаларына барлық хабарлау жүйелерінің жарамдылығын тексеру, эвакуациялық іс-шараларды өткізу үшін автокөлікті алдын ала қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастыру, су басуы мүмкін аймақтарда тұратын тұрғындармен қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және т. б. тапсырылды.

Қарағанды облысы ТЖД