
1 шілдеден бастап жаңа өкілеттіктер шеңберінде Қарағандылық құтқарушылар шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Негізгі мақсат-өңірдің су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқиғалардың алдын алу және шағын көлемді кемелердің иелері мен кеме жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыру.
Қарағанды облысы ТЖД қызметкерлері көлік прокуратурасының, көлік инспекциясының, ішкі істер органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп Балқаш көлінің акваториясында профилактикалық рейдтер жүргізуде.
Рейдтер кезінде кеме иелері мен кеме жүргізушілеріне судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, құтқару кеудешелерін пайдалану, белгіленген жылдамдық режимін сақтау, сондай-ақ кемені мас күйінде басқаруға жол бермеу қажеттігі туралы ескертіледі.
Іс-шаралар барысында жекелеген бұзушылықтар анықталды, оның ішінде шағын көлемді кемелерді борттық нөмірлерсіз пайдалану. Кеме иелеріне анықталған бұзушылықтарды жою және жүзу құралдарын белгіленген талаптарға сәйкес келтіру бойынша ұсынымдар берілді.