Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылары Starlink спутниктік терминалдарымен 100% қамтамасыз етілді

Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылары Starlink спутниктік терминалдарымен 100% қамтамасыз етілді

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерін заманауи Starlink спутниктік терминалдарымен толық қамтамасыз етті. Бұл құтқарушыларға мобильді байланыс пен интернет желісі жоқ аумақтарда да тұрақты байланыста болуға мүмкіндік береді.

Спутниктік байланыс тәулік бойы жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, оқиға орындарынан ақпаратты уақытылы жеткізуге, күштер мен құралдардың әрекеттерін үйлестіруге және қажетті шешімдерді жедел қабылдауға жағдай жасайды.

Аталған технология табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, қолжетімділігі қиын аумақтарда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және ірі оқиғаларға ден қою кезінде ерекше маңызға ие.

Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу құтқарушылар жұмысының тиімділігін арттырып, төтенше жағдайларға ден қою жүйесін нығайтуға және Қарағанды облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.