
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті Орталық мәдениет және демалыс саябағында мерекелік әрі танымдық іс-шара ұйымдастырды.
Мерекелік шара барысында балалар мен олардың ата-аналары құтқарушылардың заманауи арнайы техникасы мен жабдықтарын жақыннан көріп, күн сайын адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғап жүрген нағыз құтқарушылармен жүздесті. Кішкентай қонақтар авариялық-құтқару көліктеріне отырып көріп, мамандардың жұмысы туралы қызықты мәліметтер алды.
Саябақ аумағында қауіпсіздік тақырыбындағы интерактивті алаңдар жұмыс істеп, балаларға төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету ережелері ойын арқылы түсіндірілді. Сонымен қатар, көңілді аниматорлар ұйымдастырған қызықты байқаулар мен ойындар мерекенің сәнін келтіріп, белсенді қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бұл іс-шара балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілік сезімін арттыруға және құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын оятуға бағытталды. Балғындар үшін бұл күн жарқын әсерге, жаңа білімге және ұмытылмас кездесулерге толы мерекеге айналды.