Қарағанды облысында «Бұйратау» ұлттық паркінде табиғи өртті сөндіру бойынша ауқымды оқу-жаттығулар өтті

Қарағанды облысында «Бұйратау» ұлттық паркінде табиғи өртті сөндіру бойынша ауқымды оқу-жаттығулар өтті

Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында «Өрт-2026» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді.

Іс-шара Қарағанды облысы ТЖД бөлімшелері, мемлекеттік ұлттық табиғи парк, ерікті өртке қарсы құрылымдар және Осакаров ауданының жергілікті атқарушы органдары арасындағы өзара іс-қимылды пысықтауға бағытталды.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – табиғи өрттерді сөндіруге тартылатын күштер мен құралдардың дайындығын тексеру, практикалық машықтарды жетілдіру, парк аумағына аэровизуалды бақылау жүргізу, шартты төтенше жағдай аймағынан халықты эвакуациялауды ұйымдастыру, сондай-ақ таулы жерде туристерді іздеу, құтқару және эвакуациялау мен алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету болды.

Оқу-жаттығуға 179 адам, 53 техника бірлігі, 4 ұшқышсыз ұшу аппараты және ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» әуе кемесі қатысты. Іс-шараға Қарағанды облысы ТЖД, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінің, орман өрт сөндіру станциясының, полицияның, ерікті өртке қарсы құрылымдардың күштері мен құралдары, сондай-ақ медициналық және тамақтандыру қызметтері жұмылдырылды.

Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, туристер тобы демалыс кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып, ұлттық парк аумағында от жаққан. Соның салдарынан табиғи өрт туындады. Қатты жел мен құрғақ ауа райының әсерінен өрт дала және орман алқаптарына, сондай-ақ жақын маңдағы тоғайларға тез таралған. Полиция қызметкерлері азаматтардың өрт ошағына кіруіне жол бермеу үшін қауіпті аумақты қоршауға алды.

Шартты өртті сөндіру бес учаскеде лафеттік және қол өрт сөндіру оқпандарын, сондай-ақ хлопушка мен арқалық өрт сөндіргіштерді қолдану арқылы жүргізілді. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде шартты өрт толықтай сөндіріліп, кейін қайта тұтанудың алдын алу мақсатында қосымша барлау және су себу жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара соңында оқу-жаттығуға талдау жасалып, барлық тартылған бөлімшелердің іс-қимылдарына оң баға берілді.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі