
Кенжебаевтар отбасы – махаббаттың, адалдықтың және өз ісіне деген беріктіктің жарқын үлгісі. Азаматтық қорғау органдарында қызмет ететін ерлі-зайыптылар бір-бірін дәл сол адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі қорғалатын ортада тапқан. 2006 жылы қызмет барысында танысып, кейін отбасы құрғандар.
Олардың таныстығы қызмет барысында басталды, мұнда әр күн жаңа сынақтар мен қиындықтарға толы болатын. Дегенмен дәл осы жұмыс олардың берік отбасының іргетасына айналды. Олар қауіп-қатерлерді бірге еңсеріп, қиын сәттерде бір-біріне тірек болып, тек қызметте ғана емес, үйде де нағыз серіктестерге айналды.
Отағасы Мейрам Ниязұлы Кенжебаев азаматтық қорғау органдарында 25 жылдан астам еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Ал жұбайы Камшат Серікқызы әлі де қызмет сапында, оның еңбек өтілі 20 жылдан асады.
Бүгінде ерлі-зайыптылар бес бала тәрбиелеп отыр: бір қыз және төрт ұл. Әрбір бала сыйластық, өзара көмек және жауапкершілік рухында тәрбиеленуде. Ата-аналар өз бойларындағы ең жақсы қасиеттерді – батылдықты, ерлікті және өзгелерге көмектесу қабілетін балаларына сіңіруге тырысады.
Кенжебаевтар отбасының басты құндылықтары – бір-біріне қолдау көрсету, өзара құрмет пен түсіністік. Қызметтің ауырлығына қарамастан, олардың шаңырағы жылылық пен берекеге толы. Балалар ата-анасынан қайсарлық пен батылдықты үйреніп, қоғамдағы өз рөлінің маңызын түсінеді.
Қарағанды облысы ТЖД