
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен реформалары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында депутаттар Конституция жобасының негізгі бағыттарын кеңінен таныстырып, құжатта көзделген саяси және әлеуметтік реформалардың мәнін түсіндірді. Олар Ата заңға енгізілетін өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасының ел дамуының ұзақ мерзімді стратегиясымен тығыз байланысты екені айтылды. Қатысушылар реформалардың экономикалық тұрақтылықты арттыруға, өңірлердің дербестігін кеңейтуге және азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейтуге ықпал ететіні жөнінде пікір алмасты.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, ТЖД қызметкерлері өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Депутаттар барлық сауалдарға жан-жақты жауап беріп, алдағы уақытта да түсіндіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.