
Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақстандық автор Жан Ақжановтың «Семья пожарного» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Шараға Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері мен ардагерлері, мектеп оқушылары қатысты.
Шығарма – барша құтқарушылардың жанұясына арналған жүрекжарды туынды. Автор оқырмандарға кітаптың негізгі идеясын, көтерген тақырыптарын және өрт сөндіруші мамандығының қоғам үшін маңызын жан-жақты таныстырды.
Аталған кітап төтенше жағдай туа қалса тосылмай көмекке келетін құтқарушылардың ерлігі, сондай-ақ, 2022 жылы өзінің ерлігімен көптің есінде қалып, қазасымен қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің рухына арналған.
Сонымен қатар «Мамандықтар әлеміне саяхат» атты әсерлі фотокөрме ұйымдастырылды. Көрме авторлары – әскери фотограф Айдын Тонтаев пен Александр Марченко жұмысшы мамандық иелерінің жанкешті еңбегін фотошежіре арқылы көрсетті.
Іс-шараға қатысқан «Төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы» филиалының төрағасы Берік Елеуұлы Әбдіраев кітаптың құтқарушылардың өмірі мен олардың жанұяларының рөлін жан-жақты көрсететінін атап өтіп, қоғамдағы мамандықтардың маңыздылығына тоқталды. Кеш жылы атмосферада, мазмұнды әрі әсерлі өтті.
Қарағанды облысы ТЖД