
Осы жылдың 22 қазанынан 22 қарашасына дейін елімізде жылыту маусымында өрттер мен көміртек тотығымен уланудың алдын алуға бағытталған өрт қауіпсіздігі бойынша республикалық профилактикалық айлық өткізілуде.
Айлық аясында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп Қарағанды қаласының Рабочий кентінде профилактикалық рейдтік іс-шаралар жүргізді. Ерекше назар әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың үйлеріне аударылды.
Рейд барысында құтқарушылар тұрғындарға жылыту пештері мен құралдарын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, мұржалар мен желдету жүйелерінің жарамдылығын тексерудің маңыздылығын еске салды. 30 үйге көміртек тотығын анықтайтын датчиктер орнатылды.
«Жыл сайын жылыту маусымында тұрғын үй секторында өрт саны көбейеді. Біздің міндетіміз — қайғылы оқиғалардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтау. Көміртек тотығы датчиктерін орнату және профилактикалық әңгімелер өткізу қауіп-қатерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Думан Далешов.
Жылыту маусымы басталғалы облыс аумағында 130 рейдтік іс-шара өткізіліп, 15 800-ден астам үй қамтылды, 3 200-ден астам газ датчиктері орнатылды.
Өрт қауіпсіздігі айлығының негізгі мақсаты — халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру және тұрғындардың тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауына жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыру.
Қарағанды облысы ТЖД