Қазақстан Республикасы ТЖМ-нің 30 жылдық мерейтойына арналған «30 игі іс» акциясы аясында Қарағанды облысы ТЖД қызметкерлері қарттар үйінің тұрғындарын арнайы барып құттықтап, оларға мерекелік шара ұйымдастырды.
Қызметкерлер ата-әжелерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, шағын концерт ұйымдастырды. Өнерлі жастардың жүрекке жылы тиер жырлары мен әуезді әндері қарттардың жанын жадыратты. Әр орындау ерекше әсер қалдырып, жүздерінде қуаныш пен сағынышқа толы сезім байқалды. Бірі толқып үнсіз тыңдаса, енді бірі көз жасына ерік берді.
Концерттен кейін барлығы дастархан басына жиналып, ұлттық тағамдар мен тәттілерден дәм татты. Әңгіме-дүкен үстінде қарттар өмірлік естеліктерімен бөлісіп, жастық шағын еске алды және көрсетілген ілтипат үшін алғыстарын білдірді.
— Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Олардың өмірлік тәжірибесі мен даналығы – кейінгі ұрпаққа үлгі,— деп атап өтті құтқарушылар.
Осындай кездесулер қарттарға қуаныш сыйлап қана қоймай, күн сайын халықтың қауіпсіздігі үшін еңбек ететін құтқарушылардың жұмысын айқындай түседі.