Қарағанды облысында Қазақстан ТЖМ 30 жылдығына және «30 игі іс» республикалық акциясы аясында Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте «Жас құтқарушы» кадет сыныбының салтанатты ашылуы өтті.
Жаңа бейінді кадет сыныбы оқушыларға өрт, жер сілкінісі, судағы төтенше жағдайлар және басқа да қауіпті жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігі жөнінде базалық білім мен практикалық дағдыларды қалыптастыратын алаң болмақ. Оқушылар алғашқы медициналық көмек көрсетуді, құтқару және өрт сөндіру жабдықтарын пайдалануды үйренеді, сондай-ақ жеке және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілік сезімін дамытады.
Ашылу рәсімінде сегізінші сыныптың 20 оқушысы ант қабылдап, арнайы куәліктер алды. Сынып заманауи талаптарға сай жабдықталған: жаңа жиһаз, LED-экран, кеңсе техникасы, көрнекі оқу құралдары, альпинистік және құтқару құрал-жабдықтары, медициналық құрылғылар мен өртке қарсы құралдар орнатылған. Сонымен қатар мектеп аумағында өрт сөндіру және құтқару техникаларының көрмесі ұйымдастырылып, төтенше жағдайларда әрекет ету шеберлік сабақтары өтті.
«Жас құтқарушы» кадет сыныбының ашылуы — бұл жай ғана қауіпсіздікті арттыру қадамы емес. Бұл ертеңгі күні біреудің өмірін құтқаратын болашақ ұрпаққа салынған инвестиция. Біз бұл жоба тәртіпті, жауапкершілігі жоғары және отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеуге өз үлесін қосады деп сенеміз», — деді Қарағанды облысы ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев.
Сынып өскелең ұрпаққа патриоттық және азаматтық тәрбие берудің ажырамас бөлігіне айналып, болашақ төтенше жағдайлар саласының мамандарын даярлауға берік негіз қалайды.