23 шілдеде Қарағанды облысының авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары «Жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға басқару органдарын және азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күштерін дайындау» тақырыбы бойынша «ЖЕР-2025»оқу-жаттығуларына қатысты.
Оқу-жаттығу аясында «дабыл-1001» сигналы облыстық және жергілікті атқарушы органдарға жеткізілді.
Оқу-жаттығуға сәйкес, Қарағанды облысынан апат аймағындағы жер сілкінісінің салдарын жою мақсатында көрші өңірге азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен техникалық құралдарын жіберу қажеттілігі туындады.
Осылайша, оқу-жаттығулар аясында Қарағанды облысының күштері «Сары-Арқа» әуежайы аумағында – әуе көлігіне тиеу элементтерін пысықтай отырып, құтқару бөлімшелерінің дайындығы тексерілді, төтенше жағдай аймағына автокөлік колонналарымен марш элементтері пысықталды, сондай-ақ теміржол көлігіне инженерлік және арнайы техниканы тиеу бойынша іс-шаралар жүргізілді.
Саран қаласында – апат аймағынан эвакуацияланған халықты уақытша орналастыру үшін 150 адамға арналған шатырлы лагерь құрылды.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – сейсмикалық қауіпті аймақтарда жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша азаматтық қорғаныс жүйесінің басқару органдары мен күш-құралдарының дайындық деңгейін арттыру болды.
Қарағанды облысы ТЖД