Қарағанды облысы ТЖД Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай «Құтқару квесті» өтті. Журналистер құтқарушылар күн сайын бетпе-бет келетін қиындықтарды өз бастарынан өткеруге мүмкіндік алды.
Іс-шараның мақсаты – қатысушыларды өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығымен таныстыру және тәні де, жаны да мықты адамдардың еңбегіне бойлату.
Квест шынайы жағдайларға барынша жақындатылған бірнеше практикалық кезеңнен тұрды. Қатысушыларға түрлі төтенше жағдайларды үлгілейтін тапсырмалардан өту қажет болды: су астында сүңгуір жабдықтарымен зардап шеккен адамды іздеу, қайықтан құтқару шеңберін лақтыру, оқу мұнарасынан альпинистік түсу, жол-көлік оқиғасы кезінде арнайы құралдармен зардап шеккендерді құтқару, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімін кию, автосаты арқылы көтерілу және шартты өртті сөндіру.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хаттары мен құтқарушы мамандығына қызығушылық танытқандары үшін естелік сыйлықтар табысталды.
Қарағанды облысы ТЖД