Жылы мезгілдің басталуымен балалардың терезеден құлау қаупі күрт артады. Тек биылғы жылдың басынан бері облыста 14 бала терезеден құлап кеткен. Өкінішке орай, екі оқиға қайғылы аяқталды, тағы 12 бала ауыр жарақат алды. Мұндай әрбір жағдай — ересектер тарапынан болған бейқамдық пен салғырттықтың салдары.
Осыған байланысты 16-20 маусым аралығында өңірде облыстық «Қауіпсіз терезе» акциясы өткізіліп жатыр. Бұл шараны Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырып отыр.
Акцияның мақсаты — балалар мен ересектерге қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратты түсіндіру арқылы жеткізу.
Акция аясында балабақша тәрбиеленушілері мен қызметкерлеріне арналған ақпараттық іс-шаралар, көпқабатты үй құрылысшыларымен және терезе конструкцияларын өндіруші компания өкілдерімен кездесулер өтуде. Сонымен қатар медициналық мекемелерде, көпқабатты үйлердің аулаларында, жазғы балалар лагерлерінде халықпен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, ПИК және МИБ өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылған.
Қарағанды облысы ТЖД