2025 жылғы 23 мамырда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті.
Іс-шараның мақсаты – Қарағанды облысы ТЖД бөлімшелерінің, мемлекеттік ұлттық табиғи парктің, Қарқаралы ауданындағы ерікті өртке қарсы құрылымдардың өзара іс-қимылын пысықтау, практикалық дағдыларды жетілдіру, табиғи өрттерді сөндіруге тартылатын күштер мен құралдардың дайындығын тексеру, ұлттық парктің аумағын әуеден барлау, шартты төтенше жағдай аймағынан халықты эвакуациялау, сондай-ақ таулы жерде жүрген туристерді іздестіру, құтқару және алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету.
Оқу-жаттығуға 150 адам және 39 бірлік техника қатысты. Қарағанды облысы ТЖД, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімі, орман өрт станциясы, полиция, ерікті өртке қарсы құрылымдар, медициналық және тамақтандыру қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу аңызына сәйкес, Өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауына байланысты туристік топ демалыс кезінде туристік база аумағында от жаққан. Бұл табиғи өрттің шығуына себеп болды. Қолайсыз ауа райы жағдайларының (жел, құрғақ ауа райы) салдарынан өрттің дала және орман алқаптары мен іргелес тоғайларға тез таралу қаупі туындады. Әуеден жағдайды бақылау үшін тікұшақпен әуебарлау жүргізілді.
Шартты өртті сөндіру үш учаскеде жүргізілді. Бұл ретте лафеттік және қол өрт сөндіру оқпандары, сондай-ақ қолда бар құралдар – хлопушкалар мен арқалық өрт сөндіргіштер пайдаланылды. Ортақ күшпен шартты табиғи өрт толығымен жойылды. Қайта тұтануды болдырмау мақсатында қосымша барлау және жанған аумақты суару жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара аяқталған соң оқу-жаттығу қорытындыланып, барлық жұмылдырылған бөлімшелердің іс-әрекеттеріне оң баға берілді.
Оқу-жаттығудың өткізу орны кездейсоқ таңдалған жоқ. 2024 жылғы өрт қауіпті кезеңде Қарағанды облысы бойынша тіркелген 11 орман өрті жағдайының 8-і Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орын алды.
Қарағанды облысы ТЖД