«Сауда, ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі талаптары» тақырыбында брифинг өтті
2024 жылғы 20 ақпанда Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі және сауда, ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі талаптары туралы» тақырыбында брифинг өтті.
Брифингке Атырау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары азаматтық қорғау майоры Берденов Даурен Қайратұлы қатысты.
Спикер биыл Атырау облысында тұрғын үй секторынан шыққан өрт 44%-ға азайып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Атырау облысында «Қауіпсіз сауда» акциясы ұйымдастырылып жатыр. Акцияның басты мақсаты – ойын-сауық орталықтарында түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, қауіпсіздікке баса назар аудару.
«Жылыту маусымы басталғалы, яғни тамыз айынан бастап тұрғын үй секторында 50 өрт оқиғасы орын алып, салдарынан 6 адам қаза тапқан. Оның ішінде, 2 адам өрттен қаза тапса, 2 ересек адам, 2 бала газ ауа қоспасының жарылысынан күйік жарақатын алып облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде қаза тапты. Өткен жылы 32 өрт оқиғасы болса, биыл жыл басынан бері 18 өрт оқиғасы орын алып, 44%-ға азайған. Өрттің басым көпшілігі, яғни 50%-дан астамы тоқ желісінің қысқаша тұйықталуынан және 5-7%-ы балалардың отпен ойнауынан болады. Жылыту маусымына дайындық басталғалы 974 рейд жүргізіліп, аралау барысында профилактикалық жұмыспен 94 576 тұрғын қамтылды. Облыс бойынша 1 702 осал топқа жататын тұрғынның үйлері анықталды. Жергілікті атқарушы органдар улы, табиғи газ, түтіннен болатын түрлі мақсаттағы датчиктерді орнату бойынша жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда олардың қолдауымен аталған осал топ үйлеріне 1163 датчик қондырылды», - деп баяндады МӨББ бастығының орынбасары азаматтық қорғау майоры Д. Берденов.
Қоғаммен байланыс тобы