Бір күнде екі адам суға кетті.

Бір күнде екі адам суға кетті.

Ағымдағы жылдың 20 маусым күні Құрманғазы және Жылыой аудандарында екі азамат суға кетті. Суға кеткен екі азамат та шомылуға белгіленбеген орыннан суға түсу кезінде қаза тапқан.

20 маусым күні сағат 09-00 шамасында 2000 жылы туған азамат Б.Б жеке автокөлігін жөндету мақсатында Шортанбай ауылындағы жұмыстасы  А.Р үйіне барған.

Кейін, түскі 16 сағат 30 минут шамасында Б.Б мен А.Р екеуі  суға түспек болып Қиғаш өзенінің жағалауына келген.

Суға түсу кезінде азамат Б.Б Қиғаш өзенінің жағалауындағы темір пирстан суға секірген, ал, А.Р жағада қалып қояды. Шамалы уақыттың ішінде су бетіне шықпаған жолдасына алаңдаған досы дереу жергілікті полиция инспекторына және ауыл тұрғындарына хабарлап, өз беттерімен іздестіру жұмыстарын бастаған.

Оқиға туралы хабарлама Құрманғазы ауданы, №7 ӨСБ-нің байланыс бекетінің «101» телефонына 17 сағат  15 минутта келіп түскен.

Құрманғазы ауданының жедел-құтқару жасағының (6 қызметкері, 1 бірлік техника мен 1 жүзу қайығы) құтқарушыларының көмегімен сағат 19:00-де азамат Б.Б өлі денесін судан шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

Жылыой ауданында суға кеткен азамат М.А 1983 жылы туған.

20 маусым күні Тұрғызба ауылында екі жігіт болып қой кезегіне шыққан. Күннің ыстығынан салқындап алмақшы болып, азамат М.А Жем өзеніне суға түскен. Азамат М.А суға секірген бойда батып бара жатқандығы туралы айғайлап, көмек сұраған. Алайда, жағада қалған Қ.Т көмектеспек болып әрекет жасағанымен көмек бере алмаған соң, 17 сағат 20 минутта «112» номеріне қоңырау шалып, болған оқиға туралы хабарлаған.

Жылыой аудандық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларының көмегімен 18 сағат 03 минутта суға кеткен азамат М.А өлі денесін судан шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

Жұмылдырылған күштер мен құралдар: Жылыой аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінен 1 қызметкер, жедел-құтқару жасағынан 3 қызметкер, 1 бірлік техника.

Құрметті Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары!

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар  департаменті суға шомылу маусымы кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет екендігін ескертеді.

  • Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз.
  • Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз.
  • Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыздар.
  • Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз.
  • Суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз.
  • Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпаңыз.
  • Техникалык ескерту белгілерінің үстіне шығушы болмаңыздар.
  • Қатты ыстықтап тұрып суға секірмеңіз.