Құрманғазы ауданында құтқару бекеті ашылды

Құрманғазы ауданында құтқару бекеті ашылды

Осыған дейін Құрманғазы ауданында құтқару бөлімшесі болмауына байланысты төтенше жағдайлар туындаған кезде облыс орталығынан құтқарушыларды жұмылдыруға тура келді. Құрманғазы ауданы Атырау қаласынан 230 шақырым қашықтықта орналасқан шалғай аудан болғандықтан, құтқарушылардың қажетті көмегі оқиға орнына жедел жетуге өз кедергісін тигізгендігін айта кеткен жөн.

Сол кедергілерді жою мақсатында 2021 жылғы 9 маусым күні Құрманғазы аудандық әкімдігінің қолдауымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқару бекеті ашылды.

Бекеттің ашылу салтанатына Құрманғазы ауданы әкімі Мурзиев Марат Бисенғалиұлы, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Бержанов Омар Құмарұлы және азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысты.

Салтанатты шараны Құрманғазы ауданы әкімі Марат Бисенғалиұлы  ашып, құтқару бекетінің ашылуы Құрманғазы ауданының тұрғындары мен қонақтары үшін өте маңызды екендігін атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған Департамент бастығы азаматтық қорғау полковнигі Омар Құмарұлы аудандық бөлімнің жұмысына тоқталып, құтқару бекетінің ашылуына зор ықпалын тигізген аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, қызметкерлерге табыс тіледі. Сонымен қатар, құтқарушылардың жұмысты қолайлы атқарып, кезекшілікті ұйымдастыру үшін, барлық тіршілікті  қамтамасыз ету жүйелеріне қосылған, демалыс бөлмелері және асханасы бар, қызметкерлердің дайындықтарын арттыруға арналған оқу сыныбы бар модульдік үлгіде салынған ғимарат екендігіне тоқталды .

Құтқару бекетінің қызметкерлері тек қана жазда су айдындарында ғана емес, жыл бойы көмекке келуге дайын болу үшін, құтқару бекетіне өтімділігі жоғары жол талғамайтын 2 бірлік УАЗ маркалы авариялық-құтқару құрал-саймандарымен жабдықталған автотехника, 2 бірлік жүзу қайықтары және сүңгуір-құтқару жабдықтарымен байланыс құралдары бөлінді.

 Шара барысында жүзу қайықтары мен сүңгуірлік жарақтарды пайдалана отырып, жедел-құтқару жасағының құтқарушылары су айдындарында  зардап шеккендерге (шартты) алғашқы медициналық көмек көрсетті, сондай-ақ, авариялық-құтқару жұмыстарының үлгісін көрсетті.

Айта кетейік, жыл сайын жаз айларында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Әсіресе халық көп шоғырланатын өзен-көлдер жағалауларын бақылауға айрықша мән береді.

Құрметті тұрғындар! Суға шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында және өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауларыңыз сұраймыз.

 

Атырау облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы