«Құтқарушылар» командасы Республикалық «Жайдарман» ойындарында жартылай финалға жолдама алды

«Құтқарушылар» командасы Республикалық «Жайдарман» ойындарында жартылай финалға жолдама алды

Республикамыздың ең көңілді жастары бас қосқан «Жайдарман» (көңілді тапқырлар клубы) – бүгiнде жастар арасында жедел дамып келеді.

«Жайдарман» ойындары жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналған және қазақстандықтар сүйіп көретін телевизиялық жоба ретінде қалыптасты.

Сахна мәдениетi мен шеберлiгi, ән мен би, сөйлеу мәнерi, ой ұшқырлығы, мимика сияқты өнер атаулының түрлi жанрларын қамтитын әзіл-қалжың шығармашыл жастардың шеберлiктерiн жетiлдiре түскенін көрсетедi. Бұл жастардың дұрыс қоғамдық пiкiр қалыптастырып, заманмен қатар даму арқылы өмiрде өз орнын дұрыс таба бiлуге баулиды.

Әр жыл сайын маусымашар белгілі бір тақырыпта ойнатылады.

Биылғы «Маусымашар-2021» «Өзгеріс маусымы» тақырыбында ойнатылған болатын.

2021 жылғы 3-4 маусым аралығында Нұр-сұлтан қаласында өткізілген Республикалық «Жайдарман» ойындарының 1/8 ширек ойындарында 32 команда бақ сынасты. Командалар «А», «В», «С», «D» топтарына бөлініп тартысты ойын көрсетті. Әр топта республиканың түкпір түкіпірінен жиналған 4 командалар көрермендерді астарлы әзілдерімен таң қалдырды.

32 команда арасынан озып шығып, ¼ ойындарына жолдама алған 16 команданың арасына Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Құтқарушылар» командасы да ілікті.

«Жайдарман» ойындарына «Құтқарушылар» құрама командасы жыл сайын белсене қатысып келеді.

«Құтқарушылар» командасы күнделікті қызметінде тілсіз жаумен күресіп жүрген, батыл, ержүрек, намысты жігіттерден құралған команда. «Құтқарушылар» - тұрғындарды өрт пен судан қорғап қана қоймай, спорттық ойындарға да, мәдени шараларға да белсене қатысып, қоғамдық өмірді қатар алып жүрген жан-жақты, талапты да талантты жігіттер.

5-6 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ¼ ойындарында 16 команда «Сәлемдесу» аясында әзілдерін ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. 2 күнге созылған ойын қорытындысы бойынша 10 команда тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін жартылай финалға жолдама алды.

Тартысты ойында жартылай финалға жолдама алған «Құтқарушылар» командасының намысты жігіттеріне сәттілік тілейміз!

Атырау облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы