
Анықталған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі қайыққа белгіленген мөлшерден артық адам отырғызу және құтқару кеудешелерін кимеу жағдайларына қатысты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Атырау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Азамат Жұмекешов мәлім етті.
– Қайықпен суға шыққан кезде қауіпсіздік талаптарын сақтау өте маңызды. Әсіресе борттағы адамдардың санына және құтқару кеудешелерінің болуына назар аудару қажет. Бұл талаптар ең алдымен азаматтардың өмірін қорғау үшін белгіленген, – деді подполковник.
Биыл 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерге мемлекеттік бақылау мен қадағалауды Төтенше жағдайлар министрлігі толық жүзеге асырады. Мамандар кемелердің тіркелуін, техникалық жағдайын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайды.
Сонымен қатар кеме жүргізушілері суға шығар алдында қайықтың техникалық жағдайын тексеріп, ауа райын ескеруі керек. Түнгі уақытта жүзген кезде жылдамдықты сақтап, басқа кемелермен қауіпсіз арақашықтықты ұстану қажет. Масаң күйде кеме басқаруға қатаң тыйым салынады.
ТЖД тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.