Атырау қаласында сауда объектілерінде өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Атырау қаласында сауда объектілерінде өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Өрт қауіпті маусымның басталуына байланысты Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері сауда объектілерінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өрттердің алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіпкерлік нысандарда өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыру. Түсіндіру барысында сауда объектілерінің басшылары мен қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау, электр жабдықтарын дұрыс пайдалану, эвакуациялық шығу жолдарын бос ұстау және алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығын бақылау қажеттігі түсіндірілді.

Сонымен қатар, төтенше жағдай туындаған кезде іс-қимыл тәртібі туралы ақпарат беріліп, өрт қауіпсіздігі талаптары көрсетілген жадынамалар таратылды.

Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерін өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау – адам өмірі мен мүлкін қорғаудың маңызды кепілі.