Атырау облысында жыл басынан бері су айдындарында 7 адам қаза тапты
Бұл туралы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте айтылды.
Жыл басынан бері облыстың су айдындарында 7 адам, оның ішінде 3 бала суға кетіп қаза тапқан. Ал жазғы шомылу маусымы басталғалы бері 6 адам көз жұмса, олардың екеуі – балалар.
Облыс аумағында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күн сайын 14 мобильді топ жұмыс істейді. Рейдтік және профилактикалық іс-шараларға 77 қызметкер, 7 қайық және 7 арнайы техника жұмылдырылған.
Қазіргі таңда облыс бойынша 11 жағажай белгіленген. Оның ішінде Атырау қаласында тұрғындарға арналған 5 жағажай жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар өңірде шомылуға тыйым салынған 116 қауіпті учаске анықталып, бұл орындарға 224 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылған.
Брифинг барысында тұрғындарды тек рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеуге және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Жыл басынан бері судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін 236 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 3,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынғаны атап өтілді.