
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар ҚР Мемлекеттік гимнін орындап, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғаудағы ерлердің еңбегіне құрмет көрсетті. Жиын барысында Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ жауынгерлерінің көрсеткен ерлігі мен батылдығы атап өтіліп, олардың Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесін айтылды.
Салтанатты шара аясында соғыс жылдарында қаза тапқан боздақтарды еске алып, олардың рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздік жарияланды.
Мерекелік жиында алғашқы құттықтау сөз Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Нұрлан Жаңабаевқа берілді. Өз сөзінде ол қызметкерлерді мерекемен құттықтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапты қызметтің маңыздылығына тоқталды.
Қызметтік міндеттерін адал атқарып, құтқару операцияларына белсенді қатысқан бірқатар қызметкерлер мен ардагерлер «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен, «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен, «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Құтқарушы» төсбелгісімен, Грамота, Алғыс хаттармен марапатталды.
Аталған іс-шара – ел қорғаған ерлерге құрмет көрсетіп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңызды көрінісі болды.