Құтқарушылар «Жол бер!» акциясы аясында «Өмір дәлізін» қалыптастыруды көрсетті

Құтқарушылар «Жол бер!» акциясы аясында «Өмір дәлізін» қалыптастыруды көрсетті

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері өрт сөндіру автокөлігімен қала көшелеріне шығып, арнайы дыбыс сигналы мен жарық шамдарын қосу арқылы шұғыл әрекет ету тәртібін көрсетті.

Іс-шараның мақсаты – жүргізушілерге төтенше жағдай кезінде арнайы қызмет көліктеріне жол берудің маңыздылығын түсіндіру және кептеліс жағдайында дұрыс әрекет ету алгоритмін көрсету болды.

Шара барысында құтқарушылар жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, арнайы жарық және дыбыс белгілері қосылған кезде басқа көлік құралдары мүмкіндігінше оң жақ шетке ығысып, шұғыл қызмет көлігінің кедергісіз өтуіне жағдай жасауы тиіс екенін еске салды. Кептеліс кезінде жүргізушілер абыржымай, бағыттарын алдын ала бағамдап, «дәліз» қағидаты бойынша жол ашуы қажет.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған. Себебі өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың оқиға орнына әр минутта жедел жетуі – адам өмірін аман алып қалудың негізгі факторы.

Атырау облысы ТЖД тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және арнайы қызмет көліктеріне әрдайым басымдық беруге шақырады.