
Жыл басынан бері Атырау облысында автокөліктердің өртенуіне байланысты 14 жағдай тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға көп. Өрттердің негізгі себебі – адам факторы. Өрт көбінесе өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтамау және электр жабдықтарының ақаулығы.
Полиция қызметкерлерімен бірлесіп газ құю бекеттерінде, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету орындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар 400-ден астам автокөлік иесімен қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бейнероликтер LED-экрандарда және аудандық әкімдіктердің әлеуметтік желілерінде көрсетілді.
Мамандар өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарласу қажеттігін еске салады. Автокөлік иелеріне техникалық қызмет көрсетуден уақытылы өту, қосымша жабдықтарды тек мамандандырылған орталықтарда орнату және көлікте жарамдылық мерзімі өтпеген ұнтақты өрт сөндіргішті міндетті түрде алып жүру ұсынылады.