
Өрттердің басым бөлігі жеке тұрғын үйлер мен ауладағы моншаларда болған. Негізгі себептер – электр желілеріндегі қысқа тұйықталу және жылыту пештерін пайдалану талаптарының сақталмауы. Өрттен бір адам қайтыс болып, тағы бір адам күйік жарақатын алған. Сонымен қатар табиғи газдан уланудың 9 фактісі тіркеліп, оның 3-еуі өліммен аяқталған.
Жылыту маусымы кезінде тұрғын үй секторында қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды. Департамент тарапынан полиция және газ қызметімен бірлесіп күнделікті профилактикалық рейдтер жүргізілуде. Осал топтағы азаматтардың үйлеріне 400-ден астам газ және түтін дабылқаққыштары орнатылды.
Сондай-ақ облыс тұрғындарына 112 нөмірі арқылы қауіпсіздік бойынша СМС-хабарламалар жолданып, білім беру ұйымдарында арнайы сабақтар мен жаттығулар өткізілуде. «Көмек қолы», «Өзіңді тексер – қауіпсіз бол» акциялары аясында осал топқа жататын адамдардың тұрғын үйлерінде пештер мен газ жабдықтары тексерілді.
Айта кетейік, күннің күрт суытуына байланысты автокөліктегі өрт оқиғалары да тіркелген. Осыған орай ТЖД тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және кез келген төтенше жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласуға шақырады.