
Атырау облысында православтық христиандардың «Крещение Господне» діни мерекесін қауіпсіз өткізу мақсатында суға шомылуға арналған арнайы орындар дайындалды. Діни рәсім 18 қаңтардан 19 қаңтарға қараған түні өтеді.
Шомылу рәсіміне Атырау қаласынан 3 орын, Индер, Махамбет, Жылыой және Құрманғазы аудандарында 1 орыннан анықталған. Белгіленген су айдындарындағы мұздың қалыңдығы қала аумағында 15 см, ал аудандарда 18–25 см аралығында.
Мереке күндері, яғни 18–20 қаңтар аралығында департаменттің және ведомстволық бөлімшелердің жеке құрамы күшейтілген кезекшілік режиміне көшеді. Белгіленген орындарда құтқарушылар мен медициналық қызметкерлердің тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылады. Сонымен қатар ауа температурасының төмендеуіне байланысты азаматтарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау ұсынылады.
Айта кетейік, белгіленбеген жерлерде суға түскені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес 7 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.