Атырауда жылыту маусымы басталғалы 25 өрт тіркелді

Атырауда жылыту маусымы басталғалы 25 өрт тіркелді


Атырау облысында жылыту маусымына байланысты өрт қауіпсіздігі жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ТЖД басқарма бастығы Бағдат Абдуллин мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл осал топтағы отбасылар тұратын 1700-ге жуық үй түгел араланып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қауіпсіздік мақсатында 200 газ дабылқаққышы және 136 түтін дабылқаққышы орнатылып жатыр. Жалпы 6 мыңнан астам үй тексеріліп, 9 мыңнан аса адам қамтылған.

Жылыту маусымы басталғалы, яғни, 1 қазаннан бері облыста 25 өрт болып, бір адам қайтыс болды. Көп жағдай электр сымдарының қысқа тұйықталуынан және пешті дұрыс пайдаланбаудан туындаған. Сонымен қатар биыл табиғи газдан улануға байланысты 5 жағдай тіркелген.

— Жылыту маусымында пештер мен мұржаларды уақытында тазалау өте маңызды. Электр құралдарын шамадан тыс пайдаланбау керек. Әр адамның қауіпсіздігі – өз қолында,- деді Б.Абдуллин.

Брифинг соңында басқарма бастығы ТЖД тарапынан тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және күмәнді жағдай туындаса, дереу төтенше жағдай қызметіне, 101 немесе 112 байланыс номерлеріне хабарлауға шақырды.