Қауіпсіздік күзетінде 30 жыл

Қауіпсіздік күзетінде 30 жыл

Атыраудың жүрегінде — Махамбет атындағы қазақ академиялық театрының сахнасында — салтанатты, тебіреністі бір сәт орнады. Залда отырған жүздеген көзде ризашылық пен мақтаныш ұшқыны бар. Бұл күн — жай ғана мереке емес, елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі үшін күн сайын от пен суға түскен қызметкерлерге арналған құрмет күні.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына – 30 жыл.

Мерекелік шара әскери оркестрдің салтанатты үнімен Төтенше жағдайлар министрлігінің Туы енгізілді. Мемлекеттік Гимн шырқалғанда, әр жүректе мақтаныш пен жауапкершіліктің сәті сезілді. Бұл сәт — еліміздің тәуелсіздігімен бірге өсіп, өркендеген ТЖМ жүйесінің даңқты жолына тағзым ету сәті.

Отыз жыл — тек уақыт өлшемі емес, елге қызмет еткен мыңдаған жүректің соғысы. Осы орайда Атырау облысы Төтенше жағдайлар депаратментінің 30 жылдық тарихы бейнеленген деректі фильм ұсынылды.

Салатантты жиында Атырау облысының әкімі С. Шапкенов сөз сөйлеп, төтенше жағдайлар саласының ардагерлерін, қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде:

«Құтқарушы – бұл мамандық емес, бұл – жүректің таңдауы. Қиындыққа қарсы тұрып, елге сенім сыйлау – нағыз азаматтық борыш» – деді.

Сахна төріне Департамент бастығы азаматтық қорғау полковнигі         Н. Жаңабаев көтеріліп, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің құттықтау хатын оқып, үздік қызметкерлерді марапаттады.

Көп жылдық адал еңбегімен көзге түскен азаматтарға «ТЖМ-ге 30 жыл» мерекелік медалі, Министрліктің  «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» награтталып және қызметкерлер Депаратмент бастығының «Алғыс хатымен» марпатталды. Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесінің арнаулы атақтары табысталды.

Марапат иелері қатарында өрт сөндірушілер, құтқарушылар, диспетчерлер мен инженерлер, сала ардагерлері мен серіктес мекеме өкілдері болды. Бұл марапат — олардың кәсіби шеберлігі мен ел алдындағы адал қызметінің айғағы.

Шара соңы мерекелік бағдарламамен жалғасты.

Бүгінгі мереке – өткен тарихқа тағзым, бүгінгі еңбекті бағалау, ертеңге сенім.

Сол жүректердің әр соғысында – антына адал, еліне берік құтқарушының рухы бар. Мереке құтты болсын!