Атыраулық құтқарушылар – республикалық чемпионаттың жүлдегерлері

Атыраулық құтқарушылар – республикалық чемпионаттың жүлдегерлері

Бүгін Атырау вокзалында Қостанай облысында өткен өрт-құтқару спорты бойынша республикалық чемпионаттан жүлделі орындарды иеленген Атырау облысының құтқарушыларын әріптестері құрметпен қарсы алды.

Айта кетейік, 2025 жылғы 16–19 шілде аралығында Қостанай облысының Тобыл қаласында өрт-құтқару спортынан ерлер арасындағы XXXI жазғы чемпионат, әйелдер арасындағы XI жазғы чемпионат және жасөспірімдер арасындағы XIV жазғы чемпионат өткен болатын. Атырау облысынан барған спортшылар бұл сайыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өңір мерейін үстем етті.

Чемпионаттың алғашқы күнінде Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің спортшысы Ерсайынов Даурен шабуыл сатысымен көтерілу бойынша жекелей сында қола жүлдегер атанды. Бұл көрсеткішпен ол Атырау облысы тарихында тұңғыш рет ҚР спорт шебері нормативін орындаған өрт-құтқару спортының спортшысы болды. Даурен бұл спорт түрімен 2018 жылдан бері тұрақты түрде айналысып келеді. Оның бұл жетістігі – көп жылдық табандылық пен еңбектің нақты нәтижесі. Бұл — облыс үшін тарихи жетістік екені сөзсіз.

Жарыстың келесі күндері өткен 400 метрлік өрт-құтқару эстафетасында Атырау облысының командасы үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі 2-орынды иеленді.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Атырау облысы 22 команданың ішінен 6-орынға табан тіреді. Бұл — құтқарушыларымыздың кәсіби шеберлігі мен даярлығының дәлелі.


Атырау облысы ТЖД