Батылдық пен жауапкершілік - құтқарушының басты қағидасы

Батылдық пен жауапкершілік - құтқарушының басты қағидасы

Астана қаласы ТЖД №10 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Ануар Қасенов Оралбайұлы бала кезінен адамдарға көмектесудің маңызын көріп өсті. Оның әкесі Макинск қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарған. Әкесінің мамандыққа деген адалдығы Ануардың болашақ кәсіби жолын таңдауға үлкен әсер етті.

Ануар 1996 жылы Ақмола облысының Макинск қаласында дүниеге келген. Мектепті тәмамдағаннан кейін Азаматтық қорғау көпсалалы колледжіне оқуға түсіп, 2017 жылы десанттық-шабуылдау бригадасының құрамында әскери борышын өтеді.

2018 жылы азаматтық қорғау органдарына қызметке қабылданды. Осы жылдар ішінде түрлі күрделі өрттерді сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарына қатысып, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетті.

Ануардың қызметі өрт сөндіру бөліміндегі жұмысымен ғана шектелмейді. Бос уақытында Астана қаласындағы №13 мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар «Жас арлан» әскери-патриоттық бірлестігін басқарады. Оның бастамасымен мектепте құрмет қарауылы да құрылған.

Ол оқушыларға қауіпсіздік пен әскери дайындықтың негіздерін үйретіп қана қоймай, оларды отансүйгіштікке, тәртіпке, жауапкершілікке және өзара көмек көрсетуге баулиды.

Ануар Қасенов үшін құтқарушы мамандығы - жай ғана қызмет емес, әкеден жалғасқан отбасылық дәстүр мен адамдарға көмектесуге деген шынайы ниеттің көрінісі. Ол өз тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізе отырып, ел қауіпсіздігіне де, өскелең ұрпақ тәрбиесіне де өз үлесін қосып келеді.