«Болашақ ойындары – 2026»: спорт нысандарында өрт қауіпсіздігі мәселелері пысықталды

«Болашақ ойындары – 2026»: спорт нысандарында өрт қауіпсіздігі мәселелері пысықталды

Халықаралық мультиспорттық турнирге дайындық аясында «QAZAQSTAN» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде, «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығында, «Барыс Арена» спорт кешенінде және Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.

Еске сала кетейік, «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі 2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді.

Оқу-жаттығу барысында жеке құрам спорт нысандарының жоспарлану ерекшеліктерімен, эвакуациялық шығу жолдарымен, өртке қарсы қорғау жүйелерімен, сондай-ақ шартты өрт туындаған жағдайда күштер мен құралдарды орналастыру тәртібімен танысты.

Сонымен қатар шартты өртті сөндіру, келушілерді қауіпсіз эвакуациялау және нысан әкімшілігімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі іс жүзінде пысықталды.

Осындай оқу-жаттығулар халықаралық деңгейдегі іс-шаралар кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайындық деңгейін арттыруға және барлық тартылған қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіруге бағытталған.