Есіл жағалауында Балаларды қорғау күніне арналған қауіпсіздік шарасы өтті

Есіл жағалауында Балаларды қорғау күніне арналған қауіпсіздік шарасы өтті

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Есіл өзенінің жағалауында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері балалар мен ата-аналарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жазғы демалыс кезеңінде кездесуі мүмкін қауіптер туралы ақпарат берді. Мамандар су айдындарындағы, тұрмыстағы және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік талаптарына ерекше тоқталып, төтенше жағдайлардың алдын алу жолдарын, сондай-ақ балалардың терезеден құлап кету жағдайларын болдырмау бойынша негізгі сақтық шараларын түсіндірді.

Сонымен қатар балалар арнайы өрт сөндіру техникасы мен құтқару құралдарымен танысып, олардың қызметтік мүмкіндіктері туралы мәлімет алды. Қатысушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құтқарушылардың күнделікті қызметі туралы ақпарат алды.

Іс-шара барысында балаларға қауіпсіздік тақырыбындағы жадынамалар таратылып, түрлі танымдық ойындар мен интерактивті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл балалардың қауіпсіздік ережелерін оңай меңгеруіне мүмкіндік берді.

Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты-  балалардың қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру, жазғы кезеңде жазатайым оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру. Төтенше жағдайлар қызметкерлері қауіпсіздік ережелерін сақтау әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі екенін атап өтті.