
Елордада Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 100-ден астам қоғамдық тамақтану нысанын ауқымды тексеруден өткізді.
Тексерістер дүңгіршектерді, павильондарды, фастфуд нүктелерін және донер сататын орындарды қамтыды. Осы мақсатта құтқарушылармен қатар жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері кірген арнайы жұмыс тобы құрылды.
101 тексеру іс-шарасының қорытындысы бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарының 832 бұзушылығы анықталып, 100 әкімшілік хаттама толтырылды.
Әрбір кәсіпкерге өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары мен төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмі көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды. Кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері заңсыз орнатылған 7 павильон бұзылып, тағы 6 нысан ғимараттардың алдыңғы бөлігінен артқы жағына көшірілді.