Жақыпова Гафура - қызметін өмірлік мұратқа айналдырған маман

Жақыпова Гафура - қызметін өмірлік мұратқа айналдырған маман

Елордалық ТЖД «Есіл» ауданы ТЖБ аға инженері Жақыпова Ғафура Мұратқызы азаматтық қорғау органдарында 18 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын өрт сөндіру бөлімінде радиотелефоншы болып бастаған. Жауапкершілігі жоғары, жеделдік пен тиянақтылықты талап ететін осы қызмет оның кәсіби тұрғыда қалыптасуының алғашқы қадамы болды.

Мамандық таңдау - саналы әрі жүрек қалауымен жасалған шешім. Себебі әкесі бар ғұмырын өртке қарсы қызметке арнаған, адал еңбегімен үлгі болған жан. Әкесінің қызметке деген жауапкершілігі мен тәртібі, Отанға деген адалдығы Ғафура Мұратқызының өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына ықпал етті.

Білімін жетілдіру мақсатында ол ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын және ҚР Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдарының академиясын бітірген. Теориялық білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп келеді.

Қызмет барысында өзін білікті, ұстанымы берік, жауапкершілігі жоғары маман ретінде көрсетті. Ол үшін қоғамға қызмет ету - жай ғана жұмыс емес, өмірлік мұрат.

Сонымен қатар Ғафура Мұратқызы - аяулы жар, үш баланың ардақты анасы. Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүруі оның табандылығы мен ішкі жігерінің айқын көрінісі.