Астана қаласында ауқымды су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде

Астана қаласында ауқымды су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек төрағалығымен су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті.

Жиын барысында азаматтық қорғау күштері мен құралдарының дайындығы туралы қалалық ТЖД бастығы Марат Күлдіков баяндама жасады. Сонымен қатар кеңеске Казводхоз, Казгидромет өкілдері, әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері және коммуналдық қызметтер қатысты.

Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында тасқын суларын өткізу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Дайындық барысында арық-науалы және нөсерлік кәріз желілерін тазарту, тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңғырту, қарды белсенді шығару және басқа да жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі күні коммуналдық қызметтер 38 км арық-науалы және 16 км нөсерлік желілерді, 3,3 мыңға жуық қарау және жаңбыр қабылдау құдықтарын тазартты, 530 метр құбыр буландырылды, 884 тонна лай шығарылды. Қысқы кезеңде 4,6 млн м³-тан астам қар шығарылды. Сонымен қатар 170 метр қысымды желі тартылып, диаметрі 400–1600 мм магистральдық желілер тазартылуда, кәріз-тазарту станцияларында өнімділігі сағатына 5–7 мың м³ болатын төрт сорғы орнатылды. Индустриялық парк ауданындағы Ақбұлақ өзенінде жағалауды бекіту және өзен арнасын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін инертті материалдар қоры дайындалды.

Қала әкімі қарды шығару жұмыстарына, сондай-ақ бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне ерекше бақылау қажет екенін атап өтті.

Су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарлы әрі тәулік бойы жүргізілуде және тұрақты бақылауда.