
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ТЖМ әлеуметтік эксперимент өткізді. Оның мақсаты қаладағы қозғалыс жағдайында жүргізушілердің өрт сөндіру көлігіне қалай жол беретінін көрнекі түрде көрсету. «Жол бер!» акциясы жол қозғалысы ережелерін білуді емес, адам өмірі таразыға түскен сәттегі жауапкершілік пен өзара құрметті сынауға бағытталды.
Елорда көшелерімен нақты шақырту кезіндегідей, дабыл шамдары мен сиренасы қосылған өрт сөндіру автокөлігі жүріп өтті. Эксперимент барысын астаналық блогер Даниал Окасов FPV-дронның көмегімен жоғарыдан бақылап, жол қозғалысына қатысушылардың әрекетін алдын ала дайындықсыз және қойылымсыз тіркеді.
Нәтиже айқын болды. Көптеген жүргізушілер жағдайдың маңызын түсініп, дереу жол босатты. Алайда кейбірі кідіріп қалды немесе қозғалысын жалғастыра берді. Мұндай әрекеттер «Заң мен тәртіп» қағидатына қайшы келеді, өйткені жол ережелерін сақтау жай формалдылық емес, бұл қауіпсіздік мәселесі.
ТЖМ өткізген эксперимент алдын алу сипатына ие және жүргізу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Өрт сөндіру көлігіне жол беру арқылы әрбір жүргізуші құтқарушылардың оқиға орнына жедел жетуіне көмектеседі. Бұл адам өмірі мен мүлікті сақтап қалудың кепілі. Жолдағы тәртіп дәл осындай қарапайым, бірақ маңызды шешімдерден басталады.