ТЖМ қызметкерлері адамдар жаппай жиналатын және өрт қаупі жоғары нысандарда өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізді

ТЖМ қызметкерлері адамдар жаппай жиналатын және өрт қаупі жоғары нысандарда өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізді

  Еліміздің бірқатар өңірлерінде ТЖМ бөлімшелері жоспарлы өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізді. Іс-шаралар төтенше жағдайларға ден қою кезінде күштер мен құралдардың дайындығын арттыруға, сондай-ақ нысандар әкімшіліктерімен өзара іс-қимылды пысықтауға бағытталды.

  Мәселен Астана қаласындағы «Stadler Kazakhstan» ЖШС аумағында 8 бірлік өрт сөндіру техникасы мен ТЖД-нің 40 қызметкері қатысқан оқу-жаттығу өтті. Аңыз бойынша жинақтау цехында қысқа тұйықталу салдарынан электр кабельдері жанған. Өрт сөндіру бөлімшелері жоғары шақыру нөмірі бойынша оқиға орнына жетті. Қалың түтін жағдайында бір шартты зардап шеккен адам құтқарылып, өрт толықтай сөндірілді.

  Шығыс Қазақстан облысындағы сауда орталығында да өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Сценарийге сәйкес электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан ойын аттракционы өртеніп, өрт балалар алаңына таралды. Түтін аймағында қалған үш адам құтқару қалпақшаларын қолдану арқылы эвакуацияланды. Оқу-жаттығу барысында сауда орталығы персоналының әрекеттері пысықталып, өрт техникасының кіріп-шығу жолдары мен гидранттарға қолжетімділігі тексерілді.

  Жамбыл облысында оқу-жаттығулар «АТФ Энерджи» ЖШС-нің жанар-жағармай сақтау қоймасында өтті. Іс-шараға ТЖД бөлімшелері, жедел-құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығы және Тараз қаласы ТЖ басқармасының күштері қатысты. Барлығы 12 бірлік техника мен  жеке құрамнан 45 адам жұмылдырылды. Бір шартты зардап шеккен адам құтқарылып, оған алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетілді, шартты өрт сөндірілді.

  Батыс Қазақстан облысы ТЖД бөлімшелері «Кублей» ЖШС нысанында оқу-жаттығу өткізіп, жағдайды бағалау, барлау ұйымдастыру, шешуші бағытты айқындау және жоғары дәрежелі өзара іс-қимыл әрекеттерін пысықтады.

  Сонымен қатар Шымкент қаласында «Петро Қазақстан Ойл Продакс» ЖШС мұнай өңдеу кәсіпорнында өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті. Тактикалық жоспарға сәйкес фланецті қосылыстың герметикалығы бұзылуы салдарынан мұнай өнімінің шартты жануы орын алды. Оқу-жаттығуға ТЖД бөлімшелері, нысандық өрт қызметі, полиция, жедел жәрдем бригадалары мен авариялық қызметтер қатысты. Халық үшін қауіп туындаған жоқ, жұмылдырылған күштердің әрекеттері оң бағаланды.

  Осындай оқу-жаттығуларды өткізу өрт сөндіру бөлімшелерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға, нысандардың ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын тексеруге және барлық қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмдерін пысықтауға мүмкіндік береді.