Астанада қоғамдық тамақтану орындарында профилактикалық рейдтер жүруде

Астанада қоғамдық тамақтану орындарында профилактикалық рейдтер жүруде

Астанада 2025 жылы қала аумағында 880 өрт тіркелді. Оның ішінде 228 өрт бақылаудағы объектілерде орын алған, ал 50 өрт қоғамдық тамақтану нысандарына тиесілі. Талдау нәтижесі көрсеткендей, өрттердің негізгі себептері электр желілеріндегі қысқа тұйықталу, ас үйлердегі сорғыш жүйелерінде жиналған май қалдықтарының уақытылы тазаланбауы, газ баллондарын пайдалану талаптарының бұзылуы және отты абайсыз қолдану болып отыр, - деді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев Астана қаласы Коммуникациялар қызметі баспасөз алаңында өткен брифинг барысында.                                                                                      Аталған кезеңде аудандар бойынша қоғамдық тамақтану объектілерінде өрттер тіркелді, оның ішінде дөнерлік, тандыр, асхана және кафе типтес нысандар басым. Бір өрт газ баллонының жарылуымен тіркелді. Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының тапсырмасына сәйкес, елорданың ірі әрі өрт қаупі жоғары нысандарының қатарына жататын сауда объектілерінде өрт қауіпсіздігі саласында жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 25 объектіде өрт қауіпсіздігі талаптарының 1056 бұзушылығы анықталып, нысан басшыларына оларды жою үшін ұйғарымдар берілді.                                                                                                              Қарастырылып отырған кезеңде қоғамдық тамақтану субъектілеріне қатысты шағымдар негізінде және профилактикалық мақсатта 41 жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарының көптеген бұзушылықтары анықталып, әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды, бірқатар материалдар сот органдарына жолданды. Кейбір объектілерде анықталған бұзушылықтар бойынша нұсқамалар беріліп, бақылауға алынды, ал өрескел заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделді.                                                                                          Сонымен қатар аудандық әкімдіктермен бірлесіп, сауда үйлерінің және ірі сауда орталықтарының аумағында орналасқан тез тамақтану дөнерлік және бургерлік павильондар бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Рейд барысында арнайы рұқсат құжаттары жоқ, өртке қарсы қашықтық талаптарын сақтамаған 100-ден астам павильон анықталды. Нәтижесінде 78 павильон толығымен бөлшектеліп алынып тасталды, ал 6 павильон ғимараттардың алдыңғы бөлігінен артқы жағына көшірілді. Бұл бағытта Алматы ауданының ТЖБ аудандық әкімдікпен бірлесіп атқарған жұмысы оң нәтиже көрсетіп отыр, жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда.                                Осыған байланысты өрттердің алдын алу мақсатында қоғамдық тамақтану субъектілеріне ас үй желдету жүйелерін жүйелі түрде тазалау, объектілерді жарамды алғашқы өрт сөндіру құралдарымен толық қамтамасыз ету, газ баллондарын тек арнайы бөлінген орындарда сақтау, электр желілеріне мерзімді тексеру жүргізу, персоналды өрт кезіндегі әрекет ету алгоритмдеріне оқыту және өртке қарсы қашықтық талаптарын қатаң сақтау қажеттігі тұрақты түрде түсіндірілуде.