Қауіпсіз жаңа жыл: Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану қағидалары

Қауіпсіз жаңа жыл: Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану қағидалары

Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Ғабит Әбдінабиұлы Бабаев «Жаңа жылдық іс-шараларды өткізу кезіндегі өрт қауіпсіздігі. Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану қағидалары» тақырыбында баяндама жасады.

Өз сөзінде спикер жаңа жыл мерекелері кезеңінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына байланысты оқиғалар саны артатынын атап өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу барысында белгіленген қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

         Өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптарына сәйкес, адамдар жаппай жиналатын мерекелік іс-шаралар кемінде екі эвакуациялық шығу жолы бар, ал жанғыш жабындары бар ғимараттарда екінші қабаттан жоғары емес орындарда өткізілуі тиіс.

Жаңа жылдық шыршалар берік және тұрақты негізге орнатылып, эвакуациялық шығу жолдарын бөгемеуі қажет. Сонымен қатар, шырша бұтақтары қабырғалар мен төбеден кемінде бір метр қашықтықта орналасуы тиіс.

Шыршаны безендіру кезінде қолданылатын электр гирляндалары электр қондырғыларын орнату қағидаларының талаптарына сай болуы қажет. Егер төмендеткіш трансформатор қолданылмаса, кернеуі 12 вольттан аспайтын, шамдары тізбектей қосылған гирляндаларды пайдалану қажет, ал бір шамның қуаты 25 ваттан аспауы тиіс. Сымдары қызған, шамдары жыпылықтаған немесе ұшқын пайда болған жағдайда гирляндаларды дереу электр желісінен ажырату міндетті.

         Мерекелік іс-шаралар кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапты тұлғалардың кезекшілігі ұйымдастырылып, сахнада және залда өрт қауіпсіздігіне жауапты адамдар белгіленуі тиіс. Іс-шара өткізілетін барлық үй-жайлар алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.

Терезелерінде темір торлары бар үй-жайларда іс-шара өткізуге, ашық от көздерін, шамдарды, доғалы прожекторларды, салюттар мен фейерверктерді қолдануға, сондай-ақ өрт және жарылыс қаупі бар жұмыстарды жүргізуге қатаң тыйым салынады. Сонымен бірге, үй-жайларды адамдармен жобада белгіленген нормадан артық толтыруға жол берілмейді.

Пиротехникалық бұйымдарды қолдануға қатысты талаптарға ерекше назар аудару қажет. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, салюттер мен фейерверктерді ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта ғана қолдануға рұқсат етіледі. Оларды шатырлардың астында, ағаштардың жанында немесе желді ауа райында пайдалануға болмайды. Пиротехникалық бұйымдар балалардың қолына берілмеуі тиіс және оларды тек нұсқаулыққа сәйкес, арнайы белгіленген ашық алаңдарда қолдану қажет.

Тәжірибе көрсеткендей, өрттердің басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын елемеу салдарынан орын алады. Арзан, сапасыз немесе қолдан жасалған пиротехникалық өнімдерді пайдалану, электр гирляндаларын шамадан тыс жүктеу, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдыру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Бір сәттік әсер мен мерекелік жарқыл адам өмірі мен денсаулығына төнетін қауіппен салыстыруға келмейді.

Қорытындылай келе, жаңа жыл мерекесін қауіпсіз өткізу әрбір азаматтың жауапкершілігі мен саналы әрекетіне тікелей байланысты екені атап өтілді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мерекелік көңіл күйге нұқсан келтірмейді, керісінше, жақындарымыздың өмірі мен амандығын сақтауға мүмкіндік береді. Белгіленген ережелерді қатаң сақтау арқылы ғана жаңа жылды тыныш әрі қауіпсіз қарсы ала аламыз.