
Айлық аясында 29 қазанда Астана қаласында тұрғын үй секторында профилактикалық рейд өтті. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтардың тұратын орындарына ерекше назар аударылды. Рейдке елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, әкімдік өкілдері, полиция қызметкерлері, волонтерлер және электржелілік ұйымның мамандары қатысты.
Рейд барысында мамандар Сарыарқа ауданындағы үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін, мұржаларды дер кезінде тазалау қажеттілігі және пеш жабдықтарын пайдалану кезіндегі сақтық шараларын еске салды. Бірқатар үйлерге газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын датчиктер орнатылды.
Жылыту маусымы басталғалы бері Астана қаласында 60 рейд жүргізіліп, 4 437 үй қамтылды, өрт қауіпсіздігі талаптарының шамамен 8 000 бұзушылығы анықталды. Соңғы төрт жыл ішінде елордада газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын 3 000-нан астам датчик, ал биылғы жылы әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың үйлеріне 233 датчик орнатылды. Сонымен қатар 10-нан астам үйде пештер мен электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.