Қазақстан халқы тілдері күніне орай Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде «Ұлт руханиятының ұлы мерекесі» атты дөңгелек үстел өтті.
Салтанатты жиынды Департамент бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Мәуленбердиев құттықтау сөзімен ашты.
Мерекелік жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен Тілдерді дамыту басқармасының мамандары шақырылып, қонақтар мен қызметкерлер тіл тақырыбында пікір алмасып, түрлі ситуациялық сұрақтарға жауап берді.
Іс-шара барысында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөзі арқау болды. Бүгінде мемлекет тарапынан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге жағдай жасалып, тілді үйренушілердің қатары артып келе жатқаны айтылды.
Дөңгелек үстелдің жалғасы ұлттық тағамдарға толы мерекелік дастарханмен өрнектелді. Кештің қорытындысы бойынша бейбітшіліктің символына айналған ақ көгершіндер аспанға ұшырылып, «Біз біргеміз, берік іргеміз» деген ұранмен шара өз мәресіне жетті.