Астана қаласында Maqsut Narikbayev University мен қалалық Төтенше жағдайлар департаменті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюдың салтанатты рәсімі өтті.
Құжаттың мақсаты – болашақ заңгерлерді даярлау мен олардың практикалық қызметін дамыту, сондай-ақ тергеу саласындағы қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру.
Келісім аясында тараптар мынадай міндеттемелерді қабылдады:
бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру;
заң факультетінің студенттеріне өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігін ұйымдастыру;
заңнаманы қолдану мәселелері бойынша семинарлар, дәрістер мен тренингтер өткізу;
заңгерлік білім мен тәжірибенің сапасын арттыру үшін тәжірибе және әдістемелік материалдармен алмасу.
Maqsut Narikbayev University провосты С.Г. Пеннің айтуынша, Меморандумға қол қою студенттерге қылмыстық іс жүргізу мен тергеу саласында құнды практикалық дағдылар алуға жол ашады. Бұл білікті құқық саласының мамандарын даярлауда маңызды қадам болмақ.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы атап өткендей, елдің жетекші заң университетімен әріптестік кадрлық әлеуетті нығайтуға, қызметкерлердің құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға және сотқа дейінгі тергеулердің тиімділігін көтеруге ықпал етеді.
Меморандум білім беру жүйесі мен мемлекеттік органдар арасындағы серіктестік қатынастарды дамытуға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және кәсіби кадрларды даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.