23 мамырда елордалық ТЖ департаменті жасыл аймақ аумағында «Өрт-2025» өрт тактикалық оқу-жаттығуын өткізді.
Оқу-жаттығу шарты бойынша құрғақ және ыстық ауа райының салдарынан елорданың барлық аумағында өрт қауіпті жағдай қалыптасады. Демалуға келген адамдардың сөндірмей қалдырып кеткен от ошақтарының салдарынан құрғақ шөптің жануы орын алып, өрт ары қарай орман белдеуіне тарай бастайды.
Шақыру орнына қаланың шұғыл қызметтері, оның ішінде ТЖ және Полиция департаменттері, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, «Астана Орманы» ЖШС, «Жасыл-Аймақ» РММ, «Зеленстрой» АҚ, «Астана Су Арнасы» МКМ жұмылдырылды.
Қатты желдің салдарынан 4 өрт ошағы пайда болып, жақын маңдағы үйлерге таралу қаупі туындаған, өрт аумағы 5000 шаршы метрге дейін тарады. Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында өрт толығымен сөндірілді. Өрт орнына «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылып, тік өрт сөндіру жүйесінің көмегімен суды ағызу арқылы өртке барлау жүргізді.
Жаттығуға барлығы 110 адам, 35 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт толығымен сөндірілді.
Жаттығудың басты мақсаты - орман және орманды дала өрттерін сөндіру бойынша өрттер кезінде қаланың шұғыл қызметтері мен өрт сөндірушілердің өзара іс-қимылдарын пысықтау, өрт сөндірушілердің кәсіби дағдыларын және дайындығын арттыру болып табылады.
Құрғақ шөптің жануы уақытында жойылмаса, үлкен шығынға әкеп соқтыруы мүмкін. Көп жағдайда өрт шыққан жерде құрылыстар мен тұрғын үйлер орналасқан мекендер зардап шегеді. Бұл орайда табиғи өрттердің шығуына 72-ден 99%-ға дейін себепкер адами фактор болып отыр.
Астана қаласы ТЖД табиғат аясына шыққан кезде сөндірілмеген темекі, сіріңкелерді лақтырмауды, аң аулауға шыққанда бықситын материалдардан жасалған оқ тығынын пайдаланбауды, демалатын жерден кетерде отты сумен сөндіруді немесе ошақтың жануы толық тоқтағанға дейін топырақ лақтыруды, шыны ыдысты және сынған шыныны қалдырмау қажеттігін ескертеді.
Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі