Алматыда жер сілкінісін ерте хабарлайтын жүйе орнату жоспарлануда.

Алматыда жер сілкінісін ерте хабарлайтын жүйе орнату жоспарлануда.

ТЖД Руслан Қасыбаев «Алматы» ТА-дағы тікелей эфир кезінде күшті жер сілкінісі туралы халықты алдын-ала ескерту және білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын нығайту шаралары туралы айтты.

Алматы жер сілкінісі, сел, көшкін, қар көшкіні, су басу, өрт сияқты техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға бейім. Жеке құрамның 1,5 мыңнан астам адамы, 270 техника бірлігі ТЖ-дың зардаптарын жоюға үнемі дайын. Қаланың құтқарушылары жылына орта есеппен 3 мыңнан астам жерлерге барады.

Жер сілкінісін болжауды Сейсмологиялық тәжірибелік- әдістемелік экспедициясы (СТӘЭ) және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Сейсмология институты жүзеге асырады.

Сейсмология Институты 2018 жылдан бері «Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы сейсмикалық қауіпті аймақтарды кешенді зерттеу және күшті жер сілкінісі туралы алдын-ала ескерту жүйесінің негіздерін жасау» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізуде.

Осы бағдарламаны іске асыру аясында Институт жапондық шешім базасында тестілеу режимінде ерте хабардар ету жүйесінің 9 сейсмикалық станциясын орнатты. 2023 жылға дейін сейсмикалық датчиктермен, автономды қуат көздерімен жабдықталған тағы 28 станция орнату, сондай ақ сейсмология Институты мен ТЖД-де диспетчерлік пункттер ашу жоспарлануда. Жүйе автоматты режимде жойқын сейсмикалық толқынның қалаға жақындағаны туралы сигнал береді және тұрғындарға Дармен мобильді қосымшасының көмегі арқылы ерте ескерту жасалады. Жер сілкінісі туралы сигнал 40 секундқа дейінгі аралықта түседі.
Қала 843 сирена және сөйлеу қондырғыларымен жабдықталған және бүкіл аумақты ескерту хабарламаларымен қамтиды. 666 теледидар мен 22 радиоарнаны қамту үшін «Медиасервер» орнатылды.

Оқу орындарындағы үй-жайлардың қабырғаларына үлкен өлшемді жиһаздар мен жабдықтар бекітіліп, құрылымдық емес сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілді. Адамдар көп шоғырланатын орындар мен көп қабатты үйлерге «Жер сілкінісіне дейінгі 10 оңай қадам» плакаттары ілінді.

Сонымен қатар, цифрландыру аясында 2 ГИС мобильді қосымшасына зардап шеккен тұрғындарды төтенше жағдайлар кезінде қабылдау орындары (220 пункт) қосылды. Енді кез-келген тұрғын ұялы телефоннан өзінің ең жақын пунктын көре алады.

2000-2021 жылдар аралығында 202 білім беру объектілеріне, оның ішінде 145 мектепке, 51 балабақшаға, 6 мектеп-интернатқа күрделі жөндеу жүргізілді және олар сейсмикалық күшейтілді. 2021 жылы 8 мектепті, 6 балабақшаны, 1 колледж, 3 денсаулық сақтау нысанын, 2 азаматтық қорғаныс нысанын сейсмикалық күшейту жоспарлануда.
ТЖ кезінде халықты оқыту және қауіпсіз тәртіп мәдениетін, өздерін дұрыс ұстау дағдыларын қалыптастыру мақсатында елімізде баламасы жоқ инновациялық жоба болып табылатын симуляциялы оқу- әдістемелік орталық салынуда.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы тасқынға қарсы шаралар туралы айтып өтті.

Жыл сайын тұрғындарды таудағы еріген қар мен жаңбырдың салдарынан көктемгі су тасқыны мазалайды. «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» жол картасы әзірленді, жалпы ұзындығы 30 км-ден асатын өзен арналарының 3 жеке учаскелерін қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде, арықтарды салуға жобалық-сметалық құжаттама (Алатау-7, Жетісу-4, Медеу және Түрксіб 2-ден, Наурызбай-1) жасалуда. Жалпы, азаматтық қорғау қызметтері мен мердігерлер су тасқынының алдын алу жұмыстарын дер кезінде жүргізеді.

2020 жылы көшкін қаупі бар учаскелерді паспорттау жүргізіліп, 81 учаске анықталды (жоғары тәуекел - 16, орта - 16 және орташа - 49), оның ішінде, Медеу ауданындағы жоғары қауіптілік анықталған 4 жерде Алмалық және Коккинаки көшелерінде және Наурызбай ауданындағы Ізгілік, Тәжиев көшелерінде бекіту жұмыстары жүргізілді.

Ағымдағы жылы 3 уаскеде Бостандық ауданындағы Бак-алма көшесі, Медеу ауданындағы «Медеу-Шымбұлақ» автожолының бойы, Түрксіб ауданындағы Шацкий-Кострома көшесінде жұмыстар басталды. «Сұңқар» көшкіні баурайы бойынша күшейту, бекіту және көгалдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.