
Жаңа жылыту маусымының қарсаңында Алматының ТЖД қызметкерлері үй-үйді аралап, көміртек тотығы датчигін орнатып, тұрғындарға пеш пен жылу құрылғыларын пайдаланудың ережесін түсіндіре бастады.
Әсіресе қатты отынмен жылитын үйлер мен ескі құрылыстарға көп көңіл бөлген. Алматы қаласының ТЖД Өрт қауіпсіздігі басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Константин Канин Өңірлік коммуникациялар қызметінде осы күн суытатын кезге өздерінің қалай қамданып жатқандарын баяндап берді. Өткен жылыту маусымында тұрғын үйлерде 194 өрт тіркеліп, төрт адам жарақат алған. Табиғи және көміртек тотығынан уланған сегіз адам зардап шегіпті. Жеке үйлердің бірінде қатты отын жаққан пеш дұрыс тартпағандықтан екі балаға иіс тиіп қалған. Өртке негізінен көбінесе тозған электр жабдығы, сондай-ақ пешті орнату мен пайдалану талабының бұзылуы себеп болған.
Құтқарушылар отпен абайсыз жұмыс істеу мен тұрмыстық электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбауды да өрттің тағы бір себебі ретінде атап отыр. Константин Каниннің айтуынша, жүргізіліп жатқан аралау мен түсіндіру жұмысы осындай қауіп-қатерді азайтуға ықпал етеді, алайда көп нәрсе тұрғындардың өзіне де байланысты.
«Жүргізілген профилактикалық іс-шаралардың арқасында өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда өрт кезінде жарақат алғандар мен қаза тапқандардың саны азайды. Сонымен қатар азаматтар барынша сақ болып, осы кезде өрт қауіпсіздігіне көп көңіл бөлуі керек», – деді Константин Канин. Қазір ТЖД қызметкерлері әкімдік өкілдерімен, полиция және еріктілермен бірлесіп, аулаларды аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Профилактикалық жұмыс шамамен 600 үйді қамтып, 50-ге жуық көміртек тотығы датчигі орнатылды. Көпфункционалды тұрғын үй кешенінде тұратын шамамен мың тұрғынға да қауіпсіздік ережесін жан-жақты түсіндіріп қайтты. Көмекке мұқтаж тұрғындарға өткен жылы пешін жөндеп, электрмен жабдықтау жүйесін ретке келтіруге көмек көрсетіліп, мұржасы тазартылды, көмір мен отын берілді.
Жалпы, 2018 жылдан бері қала мен аудан әкімдігінің қолдауымен жеке үйлерге 1 749 көміртек тотығы датчигі орнатылған. Қала тұрғындарына қауіпсіздік шаралары туралы SMS хабарламалар, оқыту бейнероликтері мен Telegram-бот арқылы да ескертіп отырады. Үйін әлі күнге дейін пешпен жылытатын тұрғындарға мамандар мұржаны тексеріп, пештің айналасын реттеп алуды ұсынады. «Жылыту кезеңінде мұржаны кемінде екі айда бір рет күйеден тазалап отырыңыздар. Пешті қатты қыздырмаңыздар, жанына жиһаз бен тез тұтанатын басқа да затты жақын қоймаңыздар. Газбен жабдықталған пешті пайдаландың нұсқаулығын қатаң сақтаңыздар. Сондай-ақ электр жылыту құрылғысын пайдалану электр сымына түсетін жүктемені арттыратынын есте ұстаған жөн. Осыған байланысты электр сымының жағдайын үнемі тексеріп отыру қажет. Өрт болған жағдайда дереу 101 мен 112 нөміріне қоңырау шалыңыздар», – деді Алматы қаласы ТЖД Өрт қауіпсіздігі басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Ақтыныс Әлтебаева.