Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті кәсіпкерлерді объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу тәртібі туралы хабардар етеді

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті кәсіпкерлерді объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу тәртібі туралы хабардар етеді

Құрылыс объектілерінің өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру және оларды пайдалануға қабылдау рәсімін жетілдіру мақсатында 2025 жылғы 24 маусымдағы «Азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілді.

Аталған өзгерістерге сәйкес заңнамада айқындалған объектілер үшін объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру көзделген.

Осы өзгерістерді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 26 тамыздағы №359 бұйрығымен Объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді.

«Объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру» мемлекеттік қызметі мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы 2026 жылғы 5 ақпаннан бастап көрсетіледі.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі күшіне енді. Ол «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын алмастырып, құрылысы аяқталған объектілерді пайдалануға қабылдаудың жаңа тәртібін белгіледі.

Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда объектіні пайдалануға қабылдау кезінде міндетті құжаттардың бірі объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды болып табылады.

Қандай объектілер үшін қорытынды алу міндетті

«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес адамдардың жаппай болуына арналған объектілерге мынадай объектілер жатады.

Бір мезгілде 100 және одан да көп адамның болуына есептелген:

  • сауда кәсіпорындарының ғимараттары, құрылыстары мен үй-жайлары;
  • қоғамдық тамақтану кәсіпорындары;
  • тұрмыстық қызмет көрсету объектілері;
  • дене шынықтыру-сауықтыру объектілері;
  • спорт объектілері;
  • мәдени-ағарту ұйымдары;
  • ойын-сауық ұйымдары;
  • ойын-сауық орындары;
  • көліктің барлық түрлерінің вокзалдары;
  • діни мақсаттағы ғимараттар (құрылыстар).

Бір мезгілде 25 және одан да көп адамның болуына есептелген:

  • денсаулық сақтау ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстары;
  • білім беру ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстары;
  • қонақ үйлер.

Осы объектілерді пайдалануға қабылдау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны алу міндетті болып табылады.

Мемлекеттік қызметті кімдер ала алады

Мемлекеттік қызметті азаматтық қорғау органдарының аумақтық бөлімшелері келесі тұлғаларға көрсетеді:

  • құрылысқа тапсырыс берушілерге;
  • объектілердің меншік иелеріне;
  • олардың уәкілетті өкілдеріне.

Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш беруші «Электрондық үкімет» веб-порталы (www.egov.kz) немесе электрондық лицензиялау порталы (www.elicense.kz) арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған өтініш береді.

Өтініште:

  • объектінің орналасқан жері;
  • тапсырыс берушінің мемлекеттік тіркеуі (қайта тіркеуі) туралы мәліметтер;
  • жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН);
  • мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді пайдалануға келісім көрсетіледі.

Қандай құжаттар ұсынылады

Өтінішке Қағидаларда көзделген құжаттар қоса беріледі, оның ішінде:

  • объектінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді қамтитын жобалау құжаттамасы;
  • кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысының немесе аккредиттелген сараптама ұйымы қорытындысының көшірмесі (заңнамада көзделген жағдайларда);
  • өнімнің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі шешімдер жобалау құжаттамасының мынадай бөлімдерінде көрсетілуі тиіс:

  • жалпы түсіндірме жазба;
  • бас жоспар;
  • сәулеттік шешімдер;
  • конструктивтік шешімдер;
  • жылыту, желдету және ауа баптау жүйелері;
  • ішкі және сыртқы сумен жабдықтау және кәріз желілері;
  • автоматты өрт дабылы;
  • адамдарды хабардар ету және эвакуациялауды басқару жүйесі;
  • автоматты өрт сөндіру қондырғылары (қажет болған жағдайда);
  • «Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар» бөлімі;
  • объектіні өрттен қорғау жөніндегі арнайы техникалық шарттар (болған жағдайда).

Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарының, құрылыс конструкцияларының, ойықтарды толтыру конструкцияларының, құрылыс және әрлеу материалдарының белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың болуына ерекше назар аудару қажет.

Өрт-техникалық зерттеп-қараудың ерекшеліктері

Өрт-техникалық зерттеп-қарау тек құрылысы толық аяқталған және пайдалануға қабылдауға дайын объектілерге қатысты жүргізіледі.

Егер өтініш аяқталмаған құрылыс объектісіне қатысты берілсе, өрт-техникалық зерттеп-қарау жүргізілмейді және өтініш бойынша шешім Қағидалар талаптарына сәйкес қабылданады.

Мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту негіздері

Мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қағидаларда көзделген жағдайларда қабылданады, оның ішінде:

  • құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған кезде;
  • өтініш заңнамада белгіленген критерийлерге сәйкес келмейтін объектіге қатысты берілген кезде;
  • аяқталмаған құрылыс объектісіне қатысты өтініш берілген кезде;
  • өрт-техникалық зерттеп-қарау барысында қорытынды беруге кедергі келтіретін өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтары анықталған кезде.

Мемлекеттік қызмет көрсету қорытындылары

2026 жылғы шілде айындағы жағдай бойынша Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 108 өтініш келіп түсті.

Олардың ішінде:

  • 66 өтінішті өтініш берушілер кері қайтарып алды;
  • 35 өтініш бойынша дәлелді бас тарту туралы шешім қабылданды;
  • 7 өтініш қаралу үстінде.

Өтініштерді қарау шеңберінде 2 объектіге өрт-техникалық зерттеп-қарау жүргізілді.

Өтініштерді талдау нәтижесінде бас тартудың негізгі себептері мыналар болды:

  • құжаттар топтамасының толық ұсынылмауы – 16 жағдай;
  • мемлекеттік қызмет көрсету критерийлеріне сәйкес келмейтін объектілер бойынша өтініштердің берілуі – 16 жағдай;
  • өрт-техникалық зерттеп-қарау барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтарының анықталуы – 2 жағдай;
  • аяқталмаған құрылыс объектісіне қатысты өтініштің берілуі – 1 жағдай.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, бас тартулардың басым бөлігі құжаттарды дайындау кезінде Қағидалар талаптарының сақталмауына немесе қорытынды алу қажеттілігінің дұрыс айқындалмауына байланысты болған.

Кәсіпкерлерге ұсыныстар

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өтініш берер алдында:

  • объектінің заңнамаға сәйкес қорытынды алу міндетті объектілер санатына жататынын анықтауды;
  • мемлекеттік қызметке объектінің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға қабылдауға дайын болғаннан кейін ғана жүгінуді;
  • ұсынылатын құжаттардың толықтығын мұқият тексеруді;
  • заңнамада көзделген жағдайларда оң сараптама қорытындысының болуын қамтамасыз етуді;
  • өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарының, құрылыс конструкцияларының және қолданылатын құрылыс материалдарының белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды алдын ала дайындауды;
  • өрт-техникалық зерттеп-қарау жүргізілгенге дейін объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкестігін қамтамасыз етуді ұсынады.

Қорытынды

Заңнама талаптарын сақтау, құжаттардың толық топтамасын алдын ала дайындау және объектінің белгіленген критерийлерге сәйкестігін алдын ала тексеру мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту тәуекелін азайтып, өтінішті қарау мерзімін қысқартуға және объектіні пайдалануға қабылдау үшін қажетті объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны уақытылы алуға мүмкіндік береді.